Фото: doctorkan.ru
Алматы облысында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында көрсетілуі тиіс стоматологиялық қызметтерге қатысты ірі алаяқтық дерегі әшкереленді, деп хабарлайды Ult.kz.
Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті жеке стоматологиялық клиникалар директорының әрекетіне қатысты тергеп-тексеруді аяқтағанын хабарлады. Тергеу мәліметінше, ол Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен жалпы сомасы 450 млн теңгеден асатын медициналық қызметтерді сатып алу туралы келісімшарт жасаған.
Келісімге сәйкес клиникалар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында азаматтарға шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек көрсетуі тиіс болған. Алайда күдікті медициналық ақпараттық «Damumed» жүйесіне пациенттерге ортодонтиялық қызмет көрсетілгені туралы жалған мәліметтер енгізуді ұйымдастырған. Нақтысында бұл қызметтер көрсетілмеген.
Тергеу барысында күдіктінің дәрігерлердің есептік жазбаларын және клиникаға бұрын жүгінген кәмелетке толмаған пациенттердің жеке деректерін рұқсатсыз пайдаланғаны анықталған. Соның нәтижесінде ортодонтиялық көмек көрсетілді деп тіркелген 4 597 жалған жағдай анықталды.
Мемлекетке келтірілген шығын 66 млн теңгені құрады. Сот санкциясымен күдіктінің банктік шоттарындағы 23 млн теңге қаражатқа және 29 млн теңге тұратын стоматологиялық жабдықтарға тыйым салынды. Тергеу барысында ол 11 млн теңге көлеміндегі залалды өтеген.
Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
Бұған дейін агенттік жалған стоматологиялық клиникалар арқылы БЖЗҚ-дан 46 млрд теңгені заңсыз шығаруға қатысты схемаларды ұйымдастырды деген күдікпен бір клиника иесін ұстағаны да хабарланған.
