Ресей күш құрылымдары Сириядағы "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымының нұсқауы бойынша Мәскеуде жаңа жыл мерекесінде терактілер жасамақ болды деген күдікпен жеті адамды ұстағанын хабарлады.
Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) мәлімдеуінше, күдіктілер Дағыстан территориясында ұсталған. ФСБ ұсталғандар "халық көп жиналатын орындарда атыс қаруы мен жарылғыш заттарды қолданып" шабуыл жасамақ болды" деген күдікке ілінгенін айтады.
Дағыстандағы исламшыл бүлікшілер бұған дейін полиция мен лауазымды адамдарға шабуылдар жасаған. Олардың кейбірі ИМ-ге ант берген.
Ресей 2015 жылы қыркүйекте Сирияға осы ел президенті Башар Асадты қолдап әуе шабуылдарын бастаған. Сириядағы ИМ басшылары бұған жауап ретінде Ресейде террорлық шабуылдар жасайтынын айтып доқ көрсеткен.
Мәскеу билігі жаңа жыл кезінде шабуыл қаупінен адам көп жүретін орындарда қауіпсіздік шараларын күшейтуді, оның ішінде көлікпен шабуыл жасау ықтималдығын ескеріп қалаға жүк көліктерінің кіруіне шектеу қоюды қарастырып жатыр.