
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында қала экономикасын тұрақтандыру үшін қолға алынған дағдарысқа қарсы шаралар туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Әкімнің хабарлауынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қала тұрғындарының жұмыс орны мен кірістерін сақтау мақсатында шаралар қабылданған.
Өнеркәсіп, байланыс, құрылыс салаларында экономикалық өсім сақталған. Мысалы, өнеркәсіп 4,3%-ға, құрылыс 11,8%-ға, пайдалануға берілетін баспана көлемі 3,6%-ға, байланыс қызметтері 8%-ға өсті.
2020 жылы мегаполистің негізгі капиталына 719,2 млрд теңге инвестицияланды. Оның басым бөлігі жеке инвесторлардың қаражаты. Инвестициялардың негізгі бөлігі жылжымайтын мүлікке тиесілі (44,9%) болса, қалған бөлігі келесі салалар бойынша бөлінген.
Өнеркәсіп (13,8%); көлік және қаттау (9,6%); Денсаулық сақтау және әлеуметтік сала (6,2%); сондай-ақ қаржы және сақтандыру қызметіне (6%) бөлінді.
Жыл қорытындысы бойынша Алматыда құны 176,2 млрд теңге болатын 90 инвестициялық жоба іске асырылып, нәтижесінде 7,3 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Мегаполистің негізгі капиталына салынған инвестициялардың жылдық көлемі 900 млрд теңгеге бағаланып отыр.
2020 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке жиналған салықтар мен төлемдер өткен жылдың осы кезеңіне қарағанда 1%-ға көп. Бұл ретте қаланың мемлекеттік бюджет кірістеріндегі үлесі 23,5-тен 25,7%-ға дейін ұлғайды.
«Дағдарысқа қарсы шараларды қабылдау нәтижесінде қала экономикасы тұрақтандырылды. Осылайша, қала эпидемиядан кейін тез қалпына келіп жатыр», - деп атап өтті Б.Сағынтаев.
3 желтоқсанда онлайн-форматта өткен инвестициялық форумның нәтижелері бойынша 1,5 трлн теңге сомасына 55 меморандум жасалды.
