23 қар, 2020 сағат 15:45

COVID-19: Қанша адам тегін дәрімен қамтылады?

Коронавируспен ауырғандарды тегін амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ұйымдастырылды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Коронавируспен ауырғандарды тегін амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ұйымдастырылды. Шамамен 2 млрд теңгеге 1 млн-ға жуық адамды қамту жоспарланған», - деді министр IX Азаматтық форум аясында үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен кездесуі барысында. 

Министр жаз айларында бөлшек сауда желілерінде дәрілік заттардың тапшылығына байланысты халық арасында дүрбелең орын алғанын атап өтті. Сонымен қатар ол алдағы уақытта мұндай жағдайдың орын алмауы үшін Үкімет «СҚ-Фармация» компаниясына қажетті дәрілік заттарды шекті бағамен бөлшек сауда желісінде сату үшін көтерме бағамен сатып алу қызметін жүктегеніне назар аудартты. 

«Мұндай қызмет «СҚ-Фармация» компаниясына карантин кезінде және коронавируспен емдеу хаттамасына кіретін дәрі-дәрмекке қатысты ғана жүктеліп отыр. Коронавирустың жаңа толқынына дайындық аясында және бөлшек дәріханаларда дәрі-дәрмектің тапшылығына жол бермеу үшін әкімдіктер Бірыңғай дистрибьютердің порталында жалпы сомасы 3,1 млрд теңгені құрайтын дәрілік заттардың тапшы 33 атауына өтінім берді», - деді Алексей Цой.