Ақтөбе облысында диспансерлік есепте тұрғандар жаппай тексеріледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кеше өңірде 2 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Олардың бірі 58 жастағы әйел. Жөтеліп, дене қызуы көтеріліп, дәрігер көмегіне жүгінген. Ал екіншісі 27 жастағы жігіт. Екеуі де Ақтөбе қаласының тұрғыны. Қазір өңірде 3 287 адам вирус жұқтырған болса, оның 98 пайыздан астамы жазылды.
«Жайсаң» және «Әлімбет» бекеттері арқылы көлікпен өткендер арасында коронавирус індеті тіркелді. 6 қазаннан бері тек «Жайсаң» өткізу бекеті арқылы 9 мыңнан астам адам өтті. Олардың 3 700-і жолаушы. Барлығы 1 190 адам карантин стационарына орналасып, олардың жетеуінен коронавирус анықталды. Шетелден әуе қатынасы арқылы келгендерден ауру анықталмады. Осыған байланысты індеттің Ресейден келу қаупі бар»,- деді облыс әкімінің орынбасары Нұржауған Қалауов.
Диспансерлік есепте тұрған әрбір ақтөбелікті бақылауға алу ұсынылды. Бұл жұмыс 152 мобильді бригадаға жүктеледі. Қажет болған кезде олардың саны артатын болды. Аудандар мен Ақтөбе қаласында жаңа рентген аппараттары орнатылып жатыр. Өңірдегі медициналық мекемелерге 117 өкпені жасанды желдету аппараты сатып алынды. Денсаулық сақтау мекемелеріне 6 жылжымалы кешен әкелінеді.
Айта кетейік, облыста 32 бақылау тобы бар. Олар 1210 заңбұзушылықты анықтады. 807 адам әкімшілік жазаға тартылып, 101,2 млн теңге айыппұл салынды.
«Барлық бағыттар бойынша қоғамдық бақылауды күшейтіп, анықталған кемшіліктерді жою қажет. Ең тиімді әдістерді пайдалану керек. Бастысы індеттің өршуіне жол бермеу. Тұрғындардың 12% тұмауға қарсы егілді, бұл қауіпті біраз сейілтеді», - деп атап өтті Оңдасын Оразалин.