12 қыр, 2025 сағат 15:26

Чеботарев астаналықтарды балағаттап, өлім тілегені үшін жазаланды


Фото: ҚазТАГ

Блогер Андрей Чеботаревке астаналық тұрғындарға балағат сөздер айтып, өлім тілегені үшін 20 АЕК (78,64 мың тг) көлемінде айыппұл салынды, деп хабарлайды Ult.kz ҚазТАГ агенттігіне сілтеме жасап.

"Әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында полиция қызметкерлері 52 жастағы блогердің Астана тұрғындарын қорлап, өлім тілеген жариялымын анықтады. Оның айтуынша, бұл әрекеті арқылы ол жол қозғалысы ережелерін бұзатын жүргізушілердің тәртібіне деген наразылығын білдірген. Нәтижесінде жарияланым авторы ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оған 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды", деп хабарлады Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.


Полиция көпшілікке қарата сөз сөйлегенде, соның ішінде әлеуметтік желілерде этика нормаларын сақтауға шақырды.

Еске сала кетейік, 3 қыркүйекте полиция Астана тұрғындарын қорлаған жарияланымға қатысты тексеріс бастаған еді. Оның авторы қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев деп көрсетілген.

Кейінірек астаналықтарды балағаттап, оларға өлім тілеген қаржылық аналитик Андрей Чеботарев тұрғындардың наразылығына жауап ретінде видео түсіріп, онда өзін "ақпараттық шабуылға" ұшырағанын мәлімдеді.