2040 жылға қарай Қазақстанда базалық зейнетақының жойылатыны, мемлекеттің зейнетақы жауапкершілігінен бас тартатыны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында БЖЗҚ басшысы Нұрбүбі Наурызбаева айтқандай, қазіргі таңда зейнетақы мемлекеттік бюджеттен және азаматтардың жеке зейнетақы жинағынан құралады.
Сондай-ақ, «ҚР Зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» заңына сәйкес, ынтымақты зейнетақыны 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін 6 айлық еңбек өтілі бар адамдар алады. Аталған мерзімге дейін еңбек өтілі жоқ кісілер базалық зейнетақы мен Қордағы жеке есепшотында жиналған қаражаты есебінен зейнетке шығады.
«Сонымен қатар, БЖЗҚ басшысы зейнетақы капиталын құрудың қажеттігі мен зейнетақы төлемін жүйелі жүргізудің маңыздылығын баса айтты. Алайда, базалық компоненттің алынып тасталатыны туралы сөз болған жоқ. Сондай-ақ, 2018 жылдың 1 шілдесінен бюджет есебінен тағайындалған базалық зейнетақы мөлшері азаматтардың жұмыс өтілі мен зейнетақы жинағына қатысқан уақытымен тығыз байланысты екенін де атап өткен болатын» делінген БЖЗҚ таратқан хабарламада.
Бұдан өзге, мемлекет БЖЗҚ салымшыларының есепшотындағы міндетті зейнетақы төлемдерінің сақталуына кепілдік береді.
«Сондықтан, БАҚ бетінде жарияланған БЖЗҚ төрағасының базалық зейнетақының жойылатыны мен мемлекет мұны өз жауапкершілігіне алмайтыны туралы пікір шындыққа жанаспайды» деп хабарлады БЖЗҚ баспасөз қызметі.