18 сәу, 2017 сағат 10:05

Бюджетке жоспардан 52 млрд теңгеге артық кіріс түсті - Сұлтанов

Үкіметтің бүгінгі отырысында ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов алғашқы үй айда бюджетті игеру шаралары жайында баяндап берді, деп xабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Оның айтуынша, қазіргі кезде барлық деңгейдегі бюджеттердің кірістері артығымен орындалып отыр. Мәселен, республикалық бюджетке 1 трлн. 157 млрд. теңге кіріс түсті. Ол бастапқы жоспардан 52 млрд. теңгеге, ал өткен жылдың алғашқы тоқсанымен салыстырғанда 137 млрд. теңгеге артық. Ал жергілікті бюджеттердің өз кірістері 136 млрд. теңгеге артығымен орындалып, 540 млрд. теңгені құрады. Осының арқасында бюджет ақшасын ел экономикасына көптеп құюға мүмкіндік туды. «Бюджет қаражатының игерілмеуі екі есеге азайды. Үстіміздегі жылдың бюджетін тиімді әрі толыққанды орындалуын қамтамасыз ету үшін онлайн мониторинг қолға алынды. Құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алуды қазынашылық бақылау және ірі сатып алуларда тендерлерді орталықтандыру арқылы отандық өндірушілерді қолдауға арналған пилоттық жобалар басталды», - деп атап көрсетті Сұлтанов.

Айта кетейік, Үкіметтің бүгінгі отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша алғашқы үш айдың қорытындысы қаралды. ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтың айтуынша, бүгінде xалықтың несиені теңгемен көптеп ала бастағаны байқалған. Бұдан бөлек, орташа жалақының көлемі де өсіп отыр.