11 сәу, 2024 сағат 17:43

Бұзылған бөгеттерді салған компанияларға қатысты тергеу басталды


 

Қаржы мониторингі агенттігі Қазақстанның үш өңірінде селден қорғайтын бөгеттер мен су қоймаларын салу және тиісті жөндеу, өзен арналарын кеңейту жұмыстарын жүргізуге тиіс мердігерлерге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады, бастады деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Алматыда ТЖМ "Қазселденқорғау" ММ-мен келісімшартқа отырған мердігер ұйымның директоры бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша күдікке ілінді.


"ЖШС "Ақсай өзенінің бассейнінде селді ұстайтын бөгет салу" жобасын жүзеге асырған. ЖШС-ның жауапты тұлғалары алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Залал сомасы алдын ала есеп бойынша 775 млн теңгеден асады", - деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов ОКҚ алаңында өткен брифингте.


Сондай-ақ ауыр зардаптарға әкеп соққан міндеттерге немқұрайлы қарау фактісі бойынша Ақтөбе облысындағы "Магаджан" бөгетін (су қоймасын) сенімгерлік басқаруға алған ЖШС басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.


"Анықталғандай, 2014 жылы бұл бөгет балық шаруашылығын жүргізу мақсатында жеке компанияға сенімгерлік басқаруға берілген. Алайда ЖШС бөгетті күтіп ұстау және қызмет көрсету бойынша өз міндеттерін орындамаған", - деді спикер.


Сонымен қатар Ұлытау облысында ЖШС лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Аталған ЖШС көктемгі су тасқыны кезінде жақын маңдағы аумақтарды шайылып кетуден қорғау үшін ұзындығы 2 шақырым Жезді өзеніне санация жүргізу үшін жалпы сомасы 485,5 млн теңгеге мемлекеттік мекемемен шарт жасасқан.


Алайда жобаны іске асырудың бақылау өлшемімен мердігер жалпы сомасы 282,5 млн теңгеге жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын нақты орындамағаны анықталды. Сол кезде ЖШС атына орындалған жұмыстар актілеріне сәйкес 400 млн теңге аударылған. Салдарынан 26 үй су астында қалып, 174 адам эвакуацияланды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.