04 мау, 2022 сағат 09:34

БҰҰ Түркия атауын басқаша жазуды мақұлдады


БҰҰ Түркияны шет тілінде Türkiye деп жазу туралы Анкара өтінішін мақұлдады. Бұл жөнінде БҰҰ бас хатшысының баспасөз өкілі Стефан Дюжаррикке сүйенген Anadolu агенттігі хабарлады, деп жазады Азаттық.

Дюжарриктің сөзіне қарағанда, БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Түркия сыртқы істер министрінен мемлекет атауының өзгергені туралы хабарлама алған. Ел атауы аталған хат түскен сәттен бастап өзгереді.

Бір күн бұрын Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлы Анкара БҰҰ-ға ел атауын шет тілінде басқаша жазу жайлы ресми өтініш түсіргенін хабарлаған. Оның айтуынша, "ел беделін халықаралық аренада арттыруды көздейтін шаралар" аясында осындай шешім қабылданған.

2021 жылы желтоқсанда Түркия басшысы Режеп Ердоған халықаралық Turkey брендін Türkiye деп ауыстыру туралы жарлыққа қол қойған. Құжатқа сәйкес, мұндай шешім Түркияның бай мәдениеті мен мұрасын таныстыру шараларымен байланысты және түрік халқының мәдениеті мен құндылықтарын Türkiye сөзі жақсырақ бейнелейді.

Anadolu агенттігіне сүйенген РБК сайты Анкара ел атауын жағымсыз естілгендіктен өзгертіп отыр деп жазды. Себебі, turkey сөзі ағылшын тілінен аударғанда күркетауық дегенді білдіреді.