17 нау, 2022 сағат 09:43

БҰҰ Халықаралық соты Ресейден Украинадағы соғысты тоқтатуды талап етті


БҰҰ Халықаралық соты 16 наурызда Ресей билігі Украинадағы соғысты тоқтатуы тиіс деген қаулы шығарды. Сот сонымен бірге Ресей мен Киевтен қақтығысты ушықтыруы мүмкін қадамдарға бармауды талап етті. Бұл туралы Азаттық хабарлады.

"БҰҰ Халықаралық сотында Украина толық жеңіске жетті. Сот Ресейді Украинаға басқыншылығын дереу тоқтатуға міндеттеді. Халықаралық құқық бойынша Ресей сот қаулысын орындауға міндетті. Шешімді орындамау Ресейдің одан әрі оқшаулануына апарады" деп жазды Украина президенті Владимир Зеленский Туиттердегі парақшасында.

Украина 27 ақпанда Гаагадағы БҰҰ Халықаралық сотына Ресейдің үстінен шағым түсірген. Киев шағымы бойынша сот отырысы 7-8 наурызда өткен.

Кремль Украинаға ашқан соғысын "әскери операция" деп атайды. Ресейде "соғыс" сөзін қолданғандар жауапқа тартылады.

Ресей әскері Украина аумағына президент Владимир Путиннің бұйрығымен 24 ақпанда басып кірді. БҰҰ мәліметінше, осы уақытқа дейін үш миллионға жуық украин босып кеткен.