10 қыр, 2024 сағат 13:47

Бұрынғы уақыт белдеуін қайтару: депутаттардың талабына үкіметте жауап берілді

Фото: pixabay.com

Вице-премьер-министр Тамара Дүйсенова депутаттардың бұрынғы уақыт белдеуін қайтару талабына түсініктеме берді, - деп хабарлайды ULT.KZ.

Үкіметте өткен баспасөз конференциясында ол уақыт белдеуін ауыстыру мәселесі "кейінгі 10 жыл бойы" талқыланып келгенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл мәселе бойынша мамандар мен сарапшылар тобы жұмыс істеген.

"Енді депутаттар бұл мәселені көтеріп отыр: олар өз ұсыныстарын береді... Біз, бәлкім, оны қарайтын боламыз. Бірақ жалпы алғанда, біз бұл белдеуге өткенімізге бір жыл да толған жоқ. Мәселені қарауымыз керек, қазіргі уақытта ауысудың қандай салдары бар екенін ескеруіміз қажет. Әзірге денсаулық сақтау жүйесі мен энергия тұтыну салаларында ешқандай күрт өзгерістерді байқамадық", - деді Тамара Дүйсенова.


Ол сондай-ақ үкімет депутаттардың дәлелдерін қарағаннан кейін тиісті мемлекеттік орган өз жауабын беретінін қосты.

Еске сала кетейік, 6 қыркүйекте AMANAT партиясының депутаттары бұрынғы уақыт белдеуін қайтаруды талап етті. Мәжілісмендер тұрғындардан көптеген шағым түсіп жатқанын атап өтті.