24 жел, 2019 сағат 08:45

Бұрынғы позициядамыз – Нұрлан Ноғаев елімізде АЭС салу мәселесіне қатысты пікір білдірді

Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев елімізде Атом электр станциясын салу мәселесіне қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінге дейін қандай позицияда болсақ, әлі соны ұстанып отырмыз. Әзірге қаралып жатыр. Энергетика министрлігінің позициясы мынадай болды: энергияның қосымша көздері барда біз бұл мәселені қараймыз. Ал қазіргі таңда республика энергиямен өзін-өзі қамтып отыр. Тіпті электр энергияның бір бөлігі экспортталады», - деді Нұрлан Ноғаев Үкімет отырысынан кейін тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.

Энергетика министрінің айтуынша, қазіргі таңда елді электр энергиясымен қамту мәселесін жақсарту бойынша шаралар қабылданып жатыр.

«Жуықта Атырау облысында еркін экономикалық аумақта республикалық маңыздағы 310 мегаваттық Қарабатан газ-құбырлы электр станциясы пайдалануға берілді», - деді ол.

«Яғни АЭС құрылысын жүргізу мәселесі жабылды деуге бола ма?» деген сұраққа министр «жабылды деуге келмейді, қандай сатыда тұрды – әлі сонда» деп қайтара жауап берді.