Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев интернет сапасын жақсарту шаралары қалай жүргізілетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Интернет желісінің жұмыс істеу сапасын жақсарту мақсатында, министрлікпен байланыс желісінің сапасы төмен жерлерді анықтау барысында өлшем жұмыстары жүргізіледі. Байланыс сапасы нашар қамтылған аймақтарда қосымша базалық стансаларды орнату бойынша мәселелер әкімдіктер және байланыс операторларымен пысықталды. Мысалы, Бурабай курорттық аймағы және Нұр-Сұлтан қаласы аумағында әкімдіктермен бірге мачталар салу мәселесі оң шешімін тапты», - деді министр Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында.
А. Жұмағалиевтің атап өтуінше, бұл мачталарды жеке кәсіпкерлер салады, ал байланыс операторлары ұялы байланыс базалық стансаларын орнатады.
«Осындай жұмыстар Алматы және Павлодар әкімдіктерімен де жүргізіле бастады. Осы бастамаға басқа да облыс әкімдіктерінің де атсалысуы ұсынылды», - деді ведомство басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, А. Жұмағалиев 2021 жылдың аяғына дейін Нұр-Сұлтан қаласында Назарбаев университеті мен ЭКСПО-да, ал 2022 жылы әуежай пен вокзалда, сауда орындары мен алаңдарда 5G технологиясын енгізу жоспарланып отырғандығын атап өтті.