Абылай ханның тарихи алаңында «Біржан – Сара» операсы open air форматында қойылды. Алғаш рет Бурабай аспанының астында М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» спектаклі қойылды. 14 шілде күні қазақ операсының інжу-маржанын еліміздің бас театры «Астана Операның» айтулы әртістері орындады. Көкшенің әсем тауларының баурайында орналасқан Абылай хан алаңы басты екі кейіпкердің махаббат тарихы өрбіген мекенге айналды.
Жоба ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Астананың 20 жылдығы аясында жүзеге асырылды.
«Біржан – Сара» – «Астана Опера» жылнамасының айшықты беті. Дәл осы операмен 2013 жылы елордалық театрдың алғашқы шымылдығы түрілген еді. 2018 жылдың сәуір айында «Астана Опера» ультра заманауи декорациялар мен бірегей костюмдерді пайдалану арқылы жаңа музыкалық-сахналық редакцияны көрермен назарына ұсынды. Бұдан кейін астаналық театрдың қазақ операсын жүзеге асырудағы ізденістері табысты аяқталды деп нық сеніммен айтуға болады.
Осынау жаңартылған спектакльді Бурабай тұрғындары мен қонақтары тамашалай алды. «Ашық аспан астындағы залда» отырған әрбір көрерменге қойылым авторлары Асхат Маемиров, Абзал Мұхитдинов, Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгунов ұлттық сюжет негізіндегі жалпы адамзаттық мән-мағынаны жеткізе алды.
Жұлдызды аспан, қылқан жапырақтардың хош иісі мен самал жел ерекше атмосфера жасады. Спектакльдің өн бойы табиғатпен керемет үйлесті. Туған өлкесінің сұлу табиғатын әнге қосқан Біржанның (Мейір Байнеш) сөздері туындыға асқақ реңк пен ғаламат ауқым берді.
«Астана Опера» вокалистері ашық аспан астында өнер көрсету бойынша мол тәжірибеге ие. Осы сынды жобаларды театр бірнеше жыл көлемінде жүзеге асырып келеді. Дегенмен, труппа барлық спектакльдерді Астана төрінде орындаған, сондықтан мизансценаларды дайындап, жаңа «жанды декорацияларға» бой үйрету үшін әртістер Бурабай өлкесіне ертерек жол тартты, ал сол маңдағы туристер дайындық барысына қызығушылық танытты.
Басты партияларды театрдың жетекші солистері тамаша орындап шықты. Көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты Мейір Байнеш (Біржан) керемет актерлік шеберлігі мен вокалдық дарынын паш етті. Сара – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамедқызы өз кейіпкерінің нәзік сезімін жеткізе отырып, бейнесін нық сеніммен көрсетті, тыңдарман қауым әртісті ыстық ықыласпен қабыл алып, қошемет білдірді. Жанбота – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаев пен Аналық – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина сахнада жанын сала өнер көрсетті, олардың дарыны арқасында айрықша театр сиқыры сезілді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова мен көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты Талғат Ғалеев Ақмола облысының тумасы, сондықтан да олар туған өлкесінде ерекше ықыласпен ән салды. Салтанат қызғаншақ Алтынайдың рөлін керемет сомдады. Талғат Жиенқұлдың партиясын тамаша алып шықты. Қожағұл – Шыңғыс Расылхан, Серік – Рамзат Балакишиев, Естай – Бейімбет Таңарықов өз кейіпкерлерінің сан қырын ашып, нақышпен жеткізе алды.
Қарағайлы орманның арасынан «Астана Опера» Симфониялық оркестрін есту айрықша таңсық жайт болды. Алайда, музыканттар әрдайым шеберліктерінің жоғары деңгейін көрсетуде. Оркестрге қоюшы дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиновтың өзі басшылық етті. Бас хормейстер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Е.Дәуітовтың жетекшілігімен хор да өз шеберліктерін көрсетті.
Айрықша әсерге бөленген қауым елордалық әртістерді сахнадан жібермей, ыстық ықыластарын білдірді, ду қол шапалақтың дауысы орманның қалыпты тыныштығын бұзды, ал сыбдыр қаққан ағаш жапырақтары көрерменмен бірге қол соғып, қошемет білдіргендей әсерде болды. Керемет үндестік орын алды. Асқақ өнердің мерекесі ойдағыдай өтті.
Еске салар болсақ, қоюшы режиссер – PhD докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А.Маемиров, кеңесші режиссер – Беларусь Үлкен театрының бас режиссері, Г.Тукай атындағы Татарстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты М.Панджавидзе, режиссер – Н.Кагадий, балетмейстерлер – М.Авахри, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А.Тәти, қоюшы режиссердің ассистенті – Е.Тойкенов. Қоюшы суретшілер мен сценографтар – С.Тасмағамбетова мен П.Драгунов.
Жоба «Қазақ әуендері» қоғамымен бірге жасалды.