Коллаж: Ult.kz
2016 жылы қоғамда үлкен резонанс тудырған Матаевтар ісіне қатысты жаңа деректер жарияланды. Белгілі журналист Әсет Матаев Telegram парақшасында сол кездегі тергеу жұмыстары мен оған қысым көрсеткен тұлғалар туралы егжей-тегжейлі баяндады, деп хабарлайды Ult.kz.
Оның жазуынша, сол кезде Қаржы полициясы төрағасының орынбасары болған Талғат Татубаев Әсет пен әкесі Сейітқазы Матаевтарға Қылмыстық кодекстің 65-бабы бойынша кінәні мойындауға көндірмек болған. Аталған бап ісіне өкіну арқылы қылмыстық жауапкершіліктен босатуды қарастырады.
Журналисттің айтуынша, бірқатар шенеунік пен медиа өкілдері – Жоғарғы соттың баспасөз қызметінің бұрынғы жетекшісі Болат Қалиянбеков, «Қазақтелеком» вице-президенті Маханбетажиев, сондай-ақ бұрынғы ақпарат комитетінің басшылары Берсебаев, Қазанғап, Байбосын және Арпабаев – кінәні мойындаудан бас тартқан Матаевтарға қарсы куәлік берген. Автордың айтуынша, олар бұл әрекетке қысымнан кейін барған және көпшілігі Н.Нығматулин, Қ.Есекеев, Б.Байбек сынды саяси элита өкілдеріне жақын тұлғалар болған.
Журналистік мәлімдемеде аты аталған тұлғалардың кейінгі тағдыры да сөз болды. Мысалы, Болат Қалиянбековтың ісі 2021 жылы тоқтатылған, ал Маханбетажиев әлі де «Қазақтелеком» компаниясында қызмет етіп жүр. Басқаларының бір бөлігі құқық қорғау органдарының назарына ілінген немесе көпшіліктің назарынан тыс қалған.
Осыдан кейін журналист Талғат Татубаевпен әңгімесі туралы жазды.
"Біз Тәтубаевпен алғаш рет Астанадағы әйгілі «Сейфуллин 37» ғимаратында кездестік. Ол кезде полковник еді, жылтылдаған, жүзінен нәрі таймаған — сәби секілді. Бірнеше айдан кейін генерал, финполиция басшысы болып шыға келді. Сол кезде бізге заң мен тәртіп жайлы «әңгіме» айта бастады.
Мен оған логикалық дәлелдер келтіріп, тіке қарап сөйлегенімде, көзінің ойнақтағанынан-ақ оның жай ғана «шпананың» өкілі екенін түсіндім. Ол «заң тілімен» емес, «түсініктермен» сөйлесуге тырысып, өмірді былай түсіндірді: «Тапсырыс бар, сондықтан бәрібір түрмеге отырғызамыз». Бірақ әңгіме деңгейіне төтеп бере алмай, үнсіз қалды", - деп жазды Әсет Матаев.
Журналист осы әңгімеден кейін бірқатар қазақстандық және шетелдік БАҚ-қа сұхбат беріп, пікір білдірген. Алайда Татубаев одан БАҚ-ты шулатпауды сұрап, істі жабамын деп сөз берген, бірақ уәдесінде тұрмаған.
"Сол кезде тағы бір талап болған — Нұрсұлтан Әбішұлының алдында көпшілік алдында кешірім сұрау. Бұл да, бәлкім, ҚК, ҚПК және сол кездегі заңдардың жабық бөлімдерінен алынған болар...", - деп еске алды Әсет Матаев.
Автор сол кезеңде БАҚ-тағы жарияланымдардың артында саяси тапсырыс болғанын, ал кейбір редакторлардың кейін кешірім сұрағанын еске алды.
Журналист бұл жазбасын кек алу мақсатында емес, әділдіктің кейде кешігіп болса да, түбі жеңетінін, әр әрекеттің салдары болатынын еске салу үшін жазған.
"Кекке сенетін адам — Құдайға сенбейді. Мұның бәрін тергеушілер, прокурорлар мен судьялар өз болашағы туралы ойлансын деп жазып отырмын. Бумеранг деген нәрсе бар. Ол кейде қайтып оралады. Татубаевтың отбасына денсаулық, жақсы адвокаттар мен шыдам тілеймін. Олар да бір күні СИЗО-дағы жақындарына сәлемдеме беру үшін аяз бен аптапта кезекте тұру дегеннің не екенін сезінсін. Лагерьлердегі ұзақ кездесу бөлмелері мен басқа да «ғажайыптарын» білсін. Бумеранг кейде қайтып оралады…", - деп түйіндеді Әсет Матаев.
Еске салайық, бүгін Талғат Татубаевтың ұсталғаны белгілі болды.