Елордада шыққан тұңғыш антрополог, қазақ антропологиясының негізін салушы Оразақ Смағұловтың жаңа кітабы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақ халқы мен оның ата тегіне орай антропологиялық очерктер» атты жаңа кітаптың тұсаукесер рәсіміне Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев бастаған бірқатар зиялы қауым қатысты.
«Өткен жылы ата тегімізді антропологиялық тұрғыдан зерттеп, әлемге әйгілеген Ұлттық ғылым академиясының академигі, қазақтың аңыз ақсалақалы Оразақ Смағұлов ағамыздың 90 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өттік. Міне 90-ның төріне шықса да, шығармашылықтан алыстаған емес, қазыналы қарияның тағы бір туындысы жарыққа шығып отыр. Шежірелі тарихымызды түгендеп, туысқандық жүйемізді зерделеген жария ғылыми еңбектің жарық көруімен құттықтаймын. Қазақтан шыққан тұңғыш антрополог, қазақ антропологиясының негізін салушы Оразақ ағамыз - ұлттық генетиканы тиянақты зерттеген білікті маман. Кезінде кеңестік цензурадан өтпей кітабы өртеліп, қуғын-сүргінге ұшыраса да, қайраты мұқалмаған қаһарман тұлға», - деді салтанатты шарада Қырымбек Көшербаев.
Оның айтуынша, антрополог ардагердің отандық ғылымның дамуына қосқан еңбегі зор және өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге.
«Ғалым бұрынғы еңбектерінде халқымыздың 4 мың жылдық тарихын түгендесе, бүгінгі туындысында жұртымыздың 5 мың жылдық нәсілдік тегінің ұланғайыр атажұртымызбен тығыз сабақтастығы барын ғылыми түрде дәлелдеп отыр. Іргелі зерттеуге қатысты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің қазақ, орыс, түрік тілдерінде алғысөз жазған», - дейді ол.
Қазақтың ата тегінен хабар беретін жаңа туынды қазақ, орыс және ағылшын тілінде жарық көрді.
«Бұл туындының ғылыми ерекшелігі - бүгінгі қазақтың осыдан 50 ғасыр бұрынғы қазақ жерін мекендеген ұлттармен байланысы айтылған. Ғылыми түрде екі жолмен дәлелденіп отыр, бірінші - сандарды зерттеу арқылы, екінші әдіс - сол кезде қазақ жерінде өмір сүрген тайпалардың сүйегіне зерттеу жүргізу арқылы. Осындай ғылыми дәлелдемеден кейін қазақ халқының тарихы әріден басталатынына ешкімнің күмәні болмайды. Антропологиялық зерттеу бірнеше бағыттан тұрады. Ол дегеніміз ертеде өмір сүрген адамның бет-әлпетін зерттеу, сүйегін және қан құрамын зерттеу арқылы. Бұндай зерттеулер әлемде жоқтың қасы. Тағы бір айтып өтетін жайт, еліміздің барлық өңірлері қамтылды. Яғни, әр аймақтың тайпаларына зерттеу жүргізілді», - деді туынды авторы, академик, антрополог Оразақ Смағұлов.