Фото: ашық дереккөзден
Былтыр 9 қарашада Алматыдағы BAU мейрамханасында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев өзінің азаматтық әйелі Салтанат Нүкенованы асқан қатігездікпен ұрып өлтірген. Бұл туралы Ult.kz хабарлайды.
Қылмыс болған күні экс-министр ұсталып, 12 қарашада 2 айға қамауға алынды. Бишімбаевпен қатар осы іс бойынша тағы бір адам күдікке ілініп, қамауға алынды.
Президент Ішкі істер министрлігіне «Бишімбаев ісін» ерекше бақылауға алуды тапсырды. Салтанат Нүкенованың өлімі қазақстандықтар арасында ғана емес, әлемде үлкен резонанс тудырды. Қоғамда зорлық-зомбылық мәселелері ашық талқыланып, жазыла бастады. Қуандық Бишімбаевтың соты тікелей эфирде өтіп, миллиондаған жұртшылық оны бақылап отырды. Соттың тікелей эфирде өтуі Қазақстанда тұңғыш рет болды.
Биыл 13 мамырда Қуандық Бишімбаев аса қатыгездікпен және азаптаумен кісі өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, 24 жылға сотталды. Ол өз жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді. Сондай-ақ, ол мемлекет пайдасына 2,3 млн теңге сомасында сот шығынын және зардап шеккен отбасына 103 500 теңге көлемінде өтемақы төлеуге міндеттелді. Үкім шығару кезінде сот Бишімбаевтың кәмелетке толмаған балаларының болуын ескерді. Үкім шығаруда экс-министрдің бұрын сотталғандығы ескерілген және "мас күйінде қылмыс жасау" деп танылды.
Ал екінші сотталушы Бақытжан Байжановқа төрт жыл түрме тағайындалды.
2023 жылдың желтоқсанында Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету үшін еріктілер желісін құрды. 9 ай жұмыс істеген кезде жалпы саны 3 мыңнан асатын заңгерлер, психологтар және басқа да мамандар қатарындағы еріктілер 1,5 мыңнан астам әйелге қолдау көрсете алды. Мамандардың жұмысынан басқа бұл желі тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына қоныс аударуға, материалдық көмек пен жүкті әйелдерге көмектеседі.
Бүгін Айтбек Амангелді өзінің инстаграмдағы парақшасында Салтанаттың ескі видеоларының бірімен бөлісіп, қарындасын еске алыпты. Ол эмоциясын бөлісетін күші жоқ екенін жазыпты.