21 мау, 2020 сағат 04:16

Бүгін – медицина қызметкерлері күні

Қазақстанда жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде медицина қызметкерлері күні атап өтіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медицина қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.

Әсіресе COVID-19 пандемиясында жұқпалы аурулар ауруханасында, провизорлық стационар, жедел медициналық жәрдем станциялары мен барлық денсаулық сақтау ұйымдарында медицина қызметкерлерінің жоғары жауапкершілікпен, кәсіби біліктілікпен еңбек етіп жатқанын айтты.

«Қазақстандық дәрігерлердің осындай қиын уақытта басымызға түскен ауыртпалықты жеңе алатынына сенімдімін. Мен бұған қазір әріптестерімнің қолында емделіп жатып тағы көз жеткіздім - олар өз ісінің кәсіби шебері. Баршаңызға мың алғыс!», - дейді Е. Біртанов.

Соңғы деректерге сәйкес, елімізде 16 779 адам COVID-19 вирусын жұқтырды. Қазақстандық дәрігерлер әзірге 10 671 адамды емдеп шығарды. Одан бөлек, елімізде 2 мыңға жуық медицина қызметкері және ведомство басшысы Елжан Біртанов коронавирус жұқтырып алды.

27 мамырда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 3-отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлердің еңбекақысын кезең-кезеңімен көбейтуді тапсырды.

«Олардың айлығы экономикадағы орташа жалақыдан 2,5 есе артық болуы керек. Бұл көрсеткішке 2023 жылға қарай қол жеткізу қажет. Осы күрделі кезеңде баршамыз медицина мамандарының қажырлы еңбегіне куә болдық», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен бірге, коронавирус инфекциясын еңсеруге атсалысқан медицина қызметкерлері еңбекақыға қосымша үстемеақы алады. Наурыз айының соңында ТЖ режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссия эпидемияға қарсы шараларға атсалысқан медицина қызметкерлеріне үстемеақы тағайындады.

Қауіптілігі бойынша бірінші топ мамандарының жалақысына айына 850 мың теңге үстемеақы қосылады. Екінші топ - провизорлық стационар мен жедел жәрдем қызметтерінің дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Олардың үстемақысы айына 425 мың теңгені құрайды. Үшінші топқа карантиндік стационар дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер,жедел жәрдем жүргізушілері және тағы басқалары кіреді. Олар айына 212 мың теңге үстемеақы алады.