- Бүгін Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алыстағы ағайынның елге келуіне мүмкіндік жасап, «Қазақ көшіне» жол ашқан күн. Биыл Ел тәуелсіздігі мен Елбасы тиегін ағытқан Ұлы көшке - 25 жыл толып отыр. 1991 жылы 18 қарашада Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешіміне сәйкес республиканың Министрлер кабинеті «Ауылдық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарының басқа республикалардан және шет елдерден Қазақ КСР-ына көшіп келуі тәртібі мен шарттары туралы» қаулы қабылдады, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
20 тармақтан тұратын ол қаулыда басқа республикалардан және шетелдерден Қазақстанның ауылды жерлеріне жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ КСР-іне қалай әкелудің тетіктері мен жолдары, ауылды жерге көшіп келген соң оларды құжаттандыру, сондай-ақ әлеуметтік, дәрігерлік, білім беру, тұрғын үй, жаңа ортаға бейімдеу сынды толып жатқан мәселелер бойынша жеңілдіктер мен көмектер ұсыну егжей-тегжейлі қарастырылған. Мысалы, қаулының 5-тармағында «Халық депутаттары жергілікті кеңестерінің атқару комитеттеріне, агроөнеркәсіп кешенінің кәсіпорындары мен ұйымдарына басқа республикалардан және шетелдерден қоныс аударған байырғы ұлт адамдарын тұрғын-жаймен қамтамасыз ету мақсатында жекелеген азаматтардың республикадан кетуі нәтижесінде босаған үйлерді немесе пәтерлерді сатып алу ұсынылсын» делінген. Содан бергі ширек ғасыр уақытта Атажұртқа оралған қандастарымыздың саны 1 миллионнан асты. Бұл, әрине, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының ең жемісті саясаты десек қателеспейміз. Өйткені, кез-келген мемлекет үшін басты құндылық - халық. Ата заңымызда да мемлекеттің ең басты байлығы - халық, әрбір азамат екені тайға таңба басқандай жазылған. Құдайға шүкір, бұл күнде қазақ ұлтының үлесі 70 пайызға жақындап отыр. Бұл еліміздің тұтастығы мен қауіпсіздігін бекемдеуде, береке-бірлігін нығайтуда ерекше рөл атқаратыны белгілі.
Айта кетерлігі, осындай атаулы күнге орай жақында ақын Ауыт Мұхибекұлы Үкіметке «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» 2001 жылғы 13 желтоқсандағы №267-ІІ Заңның 3-бабына толықтыру енгізіп, 18 қарашаны «Ұлттық көші-қон күні» етіп бекіту» туралы бастама көтерген болатын. Бұған дейін бұл күн атаусыз өтіліп келген еді. Сонымен қатар, биыл қазақ тарихына алтын әріппен жазылуға тиіс осы мерейлі мерекені елге оралған ағайын бүгін 18 қарашада Алматыдағы Студенттер сарайында «Көш және Көшбасшы» атты мерекелік концертпен айрықша атап өтпек.
Шараға ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қатыспақ. Кеште «Көш және Көшбасшы» атты деректі фильм көрсетіледі және елге оралып жетістікке жеткен қандастарымыздың қазіргі өмірі туралы бейнесюжет ұсынылмақ. Сонымен бірге Қазақстанның эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді деп күтілуде.
Тәуелсіз Қазақстан үшін сол «Азаматтық құжаттандыру туралы» №711 қаулы шығарылған 18 қараша өте маңызды тарихи күн деп есептелуі тиіс. Өйткені, бес құрлыққа тарыдай шашырап кеткен қандастарымыздың басының өз Отанында бірігуі осы күннен басталды. Сондай-ақ, бұл қаулының 1997 жылы 13 желтоқсанда тұңғыш рет қазақ тілінде қабылданған, 2011 жылы 22 шілдеде, 2013 жыл 15 желтоқсанда және 2015 жылы 24 қарашада Парламентте үш рет өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, қазір қолданыстағы «Халықтың көші-қоны туралы» Заңды түзуге түпнегіз болғанын да айта кетуіміз керек.