Ақтөбеге Астанадан 200-ден астам маман келіп, экономикалық, әлеуметтік, медициналық, діни сала бойынша мониторинг жүргізген болатын. Бұл жұмыс өңірде тағы бір айға жалғасады. «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында жергілікті мамандардан құралған жұмыс тобы іске кірісті. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев экстремистік және террористік қызметтердің қаржыландыру көздерін анықтауды тапсырды. Бұл туралы «Ақтөбе ақпарат» орталығынан мәлімдеді, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.
«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасын жалғастыру үшін жергілікті мамандардан құралған жұмыс тобы іске кірісті. Әйтеке би, Байғанин, Ырғыз, Қарғалы, Қобда, Мәртөк, Ойыл аудандарында 156 сарапшы жұмыс істейтін болады. Себебі, 29 қыркүйек пен 28 қазан күндері жүргізілген мониторинг кезінде бұл аудандар қамтылмай қалған. Өзге алты аудандағы жұмыс 10 қарашада басталып, 10желтоқсанда аяқталады»,- деп хабарлайды «Ақтөбе ақпарат» орталығы.
Сонымен қатар, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев экстремистік және террористік қызметтердің қаржыландыру көздерін анықтап, жолын кесумен айналысатын жұмыс тобының да құрылатынын мәлім етті.
«Облысымызға Астанадан келген топ 30 күн ішінде Ақтөбе қаласы мен 5 ауданда үлкен жұмыстар атқарды. Ең бастысы, біз бірлесе отырып жұмыс істеуіміз керек. Аталмыш топтың міндеті тек кемшіліктерді көру ғана емес, басты қызметі оларды шешуге бағытталуы тиіс», - деді Бердібек Сапарбаев.
Еске салсақ, Елбасы тапсырмасымен «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы 29 қыркүйек пен 28 қазан аралығында ұйымдастырылды. Жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен топ мүшелері облыстың 145 мың тұрғынын қамтитын 2,6 мың іс-шара өткізді.