ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Үкімет отырысы барысында жылумен қамту нысандарының пайдаланылуы мен техникалық күйін бақылау мен қадағалауды үкіметтік деңгейде күшейтуді тапсырды, "Ұлт ақпарат" баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырысты ашқан ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Үкімет атынан Қарағанды облысының Шахан кентінде орын алған қайғылы оқиғаның салдарынан қайтыс болғандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Еске салайық, жылыту қазандығының жарылуы салдарынан бес қабатты тұрғын үйдің бір бөлігі құлаған болатын, соның салдарынан 9 адам қаза тауып, тағы екі адам жараланды. Сонымен қатар, бірер күн бұрын Шымкенттегі жеке меншік тұрғын үйде де жарылыс болды.
«Мемлекет басшысы Қарағанды облысының әкіміне, сонымен қатар өкілетті мемлекеттік органдарға барлық зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсету үшін шұғыл шаралар қабылдау туралы тапсырма берді. Қазір апат себептерін тергеу бойынша ведомствоаралық комиссия жұмыс істеп жатыр. Бүгін мен осы жұмыстардың алғашқы нәтижелері туралы білгім келеді», - деді Б.Сағынтаев
Өз баяндамалары барысында ҚР ішкі істер министрі Қ.Қасымов пен Қарағанды облысының әкімі Н.Әбдібеков жүргізілген тергеулер нәтижелері туралы айтты, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев пен тұрғын үйлерде, мектептер мен ауруханаларда қазандықтар орнатылған кейбір аймақтардың әкімдері де баяндама жасады. Олардың ішінде Ақмола және Алматы облыстарының әкімдері де бар.
Сонымен қатар, ҚР ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов өз баяндамасында болашақта мұндай апатты жағдайларға жол бермеу бойынша ұсыныстарын білдірді.
Баяндамалардың қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ҚР ІІМ-іне мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп көпқабатты тұрғын үйлердегі, әсіресе, білім және әлеуметтік сала нысандарындағы барлық жылу қазандықтарына тексеру жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар Б.Сағынтаев ұлттық экономика, ішкі істер, инвестициялар және даму, энергетика министрліктеріне жылумен қамту нысандарының пайдаланылуы мен техникалық күйін бақылау мен қадағалау функцияларын күшейту бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.
ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары А.Маминге осы жұмыстарды үйлестіру және аталған мәселелерді шешу үшін жүйелі шараларды әзірлеу үшін жедел жұмыс тобын құру тапсырылды.