Бүгiн Үкiмет отырысында тұрғын үй және әлеуметтiк нысандар құрылысы мәселесi қарастырылды. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев осы саладағы қалған жоспарланған жұмысты тәуелсiздiктiң 25 жылдығы мерейтойына дейiн аяқтап, халыққа есеп беру қажеттiгiн айтты, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.
«Елiмiзде 25 жылда 1 миллионға жуық отбасы баспаналы болды. 1400 мектеп, 1300 денсаулық сақтау нысандары iске қосылып отыр. Тәуелсiздiгiмiздiң 25 жылдығына дейiн қалған аз уақытта қалған нысандардың бәрiн уақытында бiтiрiп, тұрғындарға жұмысымыздың бiткенi туралы есебiмiздi беруiмiз қажет. Бүкiл шаруамызды бiтiруге мүмкiндiгiмiз жеткiлiктi», - дедi Б.Сағынтаев.
«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2020 жылға қарай 4,5 млн шаршы метр үй салу көзделген, оның iшiнде 1,7 млн шаршы метр жалдамалы үй, 2 млн шаршы метр кредиттiк баспана және 0,8 млн шаршы метр коммерциялық үй пайдалануға берiледi. Бұл мақсатқа 145 млрд теңге бөлiндi, оның iшiнде 2015 жылы жалдамалы және кредиттiк баспана салуға 122,5 млрд теңге, ал 2016 жылы жалдамалы баспана құрылысын жалғастыруға 22,5 млрд теңге қарастырылған.
Бұдан бөлек, биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тұрғын үй құрылысын ынталандыру үшiн қосымша 360 млрд теңге бөлiндi. Нәтижесiнде мемлекеттiк қаржы есебiнен 2015 жылы және биылғы жылдың өткен кезеңiнде 22,6 мың отбасыға үй берiлген. Ал биылғы жылдың соңына дейiн тағы 6,8 мың отбасы баспанамен қамтамасыз етiлмек. 2017 жылы 33 мыңнан астам пәтер қоныс тойын тойлауға дайын болады.
Айымгүл ӘБІЛЕВА