27 наурыздан бастап Бельгия билігі коронавируспен күрес бойынша карантин талаптарын қайтадан күшейтті. Мамандардың пікірінше, пандемиядан шығудың бір жолы халықты вакциналау болуы керек, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазіргі уақытта Брюссельде COVID-19 вирусына қарсы вакцинаның алғашқы дозасын 88 400 адам алды. Бұл Бельгия астанасының ересек тұрғындарының тек 9,4%-ын құрайды. Вакциналау қарқыны бойынша Брюссель Фландрия (12,6%) және Валлония (13,2%) аймақтарынан да артта келеді.
Сонымен қатар, Брюссельде қазірдің өзінде медициналық мекемелер және қарттар үйінің 35 мыңға жуық қызметкеріне вакцина егілді. Алғашқы инъекцияны полиция мен өрт сөндірушілер алды, олар вирус жұқтыру қаупі ең жоғары сала мамандарын қорғау стратегиясы аясында егілді.
Қазір Брюссель тұрғындарына вакцина салуға 130 мың шақырту жіберілді. Бұл кезеңде медициналық мекемелердің, полиция қызметкерлерін, сондай-ақ 67 жастан асқан барлық адамды вакциналау жалғасуда.
Сенбіде вакциналау жөніндегі мақсатты топтың мүшесі Сабина Стордердің айтуынша, кезеңдік вакцинацияның бельгиялық бағдарламасы жоспарланғандай алға жылжуда.
25 наурызға дейін Бельгияға коронавирустың жаңа штамына қарсы вакцинаның 2 миллионнан астам дозасы жеткізілді. Дегенмен, барлық жеткізуші вакцинаны дер уақытында әкеліп бере алмайды. Мысалы, «AstraZeneca» компаниясы Бельгияға осы жылдың бірінші тоқсанында уәде еткен дозалардың тек 25-30% -ын жеткізді.
Бельгияда фармацевтикалық компаниялар жақын арада Еуропада қосымша өндіріс орындарын ашады деп үміттенеді, өйткені Еуропалық дәрі-дәрмек агенттігі (EMA) осы аптада осындай кәсіпорындардың құрылысына рұқсат берді. «Pfizer» өндірушісінде Германияда тағы бір зауыт, «AstraZeneca»-ның Нидерландыда және «Moderna»-ның Швейцарияда зауыты болады.