18 нау, 2022 сағат 18:00

Браконьерлерден құны 1,5 млрд теңге болатын киік мүйіздері тәркіленді - ҰҚК


ҰҚК-ның Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаменті киік мүйізін сатпақ болған екі азаматты ұстады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Мемлекет басшысының браконьерлікке қарсы күрес бойынша іс-шараларды күшейту жөніндегі тапсырмасын орындау үшін 15 наурызда ҰҚК Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаменті тыйым салынған жануарлар дериваттарын өткізу әрекеті кезінде екі азаматты қолға түсірді. Процессуалдық іс-қимылдар барысында жалпы салмағы 160 кг болатын 641 дана киік мүйізі алынды" - делінген хабарламада.


Облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының деректері бойынша қылмыстық әрекеттен мемлекетке келген залал 1,5 млрд теңгеге бағаланып отыр.

Сот күдіктілерге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.

Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.