01 нау, 2017 сағат 09:13

Бозымбаев Ресейдің АИ-92 бензиніне тәуелділік қашан жойылатынын айтты

Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттарында өңделген өнімдер көлемі үш млн. тоннаға артады. Бұл туралы бүгін ҚР Энергетика министрлігінің алқа мәжілісінде аталған ведомствоның басшысы Қанат Бозымбаев мәлім етті, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап. 

«Мемлекет басшысы өз Жолдауында мұнай өңдеу көлемін арттыру қажеттігін ерекше атап өтті. Үш отандық мұнай өңдеу зауытын жаңғыртқаннан соң, мұнай өңдеу көлемі 2019 жылдан кейін 14,5-тен 17,5 млн. тоннаға дейін өседі. Түсті мұнай өнімдерінің, яғни бензин, дизель отыны, авиаотынның өндірісі артады», - деді министр.

Бозымбаевтың сөзіне қарағанда, жаңғыртылған мұнай өңдеу зауыттары іске қосылып, жобалық қуатына көшкен кезде еліміздің ішкі қажеттілігін отандық мұнай өнімдерімен толықтай қамтамасыз етуге мүмкіндік болады.

«Осы жұмыстардың нәтижесінде жанар-жағармай импортына тәуелділік жойылады деп күтілуде», - деп атап өтті ведомство басшысы.

Айта кетейік, бүгінде Қазақстанға жанар-жағармайдың қажетті бір бөлігін Ресейден тасымалдануда. Әсіресе, сұранысы жоғары АИ-92 бензині көршілес елден импортталуда.