18 жел, 2019 сағат 11:41

Бозымбаев министр лауазымынан неге кетті?

Қанат Бозымбаев Энергетика министрі лауазымынан неліктен кеткені белгілі болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл туралы телеграм каналында Энергетика министрлігінің баспасөз хатшысы Нұрлыбек Жеңісбек жазды.

«Қанат Бозымбаев омыртқасының мойын тұсына жасалған отаға байланысты ҚР Президентіне денсаулығының жай-күйін баян етті. Дәрігерлердің кеңесі бойынша ол көлікпен және әуе ұшақтарымен жасалатын сапарларды азайтуы тиіс. Сонымен бірге, дәрігерлер оған денсаулығын қалпына келтіру үшін ұзақ мерзімді физиотерапевті ем қабылдауға кеңес береді. Министр аймақтарға, сонымен бірге әріптестерімен, инвесторлармен немесе халықаралық ұйым өкілдерімен (ОПЕК, МАГАТЭ және тағы басқа) кездесу үшін жиі сапарға шығады, ұшақпен де (салалық нысандарға, станциялар мен кен орындарына) жиі қатынайды», - деп жазды Нұрлыбек Жеңісбек.

Еске сала кетсек, бүгін Қанат Бозымбаевтың Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі болып тағайындалғаны хабарланған болатын.