26 нау, 2025 сағат 12:31

«Бос жатқан жер жау шақырады»: Депутат шекаралық аумақтардан ел көшіп жатқанына алаңдаулы


Фото: baq.kz

«AMANAT» партиясы фракциясы депутаттары шекара маңындағы аудандарды дамытуға қатысты жаңа заң қабылдауды ұсынды деп хабарлайды Ult.kz.

Қазіргі таңда Қазақстанның 14 облысы көршілес 5 елмен (Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және Түркіменстан) шектеседі. Шекаралық аймақтарда 65 аудан бар. Онда 3,5 млн адам тұрады. Ал шекараның түбінде, яғни шекарадан 50 шақырымдық аралықта 1,7 млн. халық тұратын 1 283 елді мекен орналасқан. 

Алайда, кезінде жүргізілген аудандарды біріктіру, климаттың қолайсыздығы, жұмыссыздық, көлік қатынасының нашарлығы, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымның тозуы, Кеңес Одағы кезінде шекаралық аудандарда халық санын тұрақтандыру үшін қолданылған жеңілдіктердің жойылуы секілді көптеген себептен бүгінде 65 шекара маңындағы ауданның 40-ында халық саны азайып кеткен. Әсіресе, бұл ауа-райы қатаң Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында анық байқалуда. 

"Осыған байланысты Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен Шығыс Қазақстан, Абай облыстарында Қатон-Қарағай, Марқакөл, Тарбағатай, Мақаншы аудандарының ашылуы өте орынды іс болғанын атап өткен жөн. Бұл сол аудандардың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етті.Сонымен бірге, Президенттің тапсырмасына сәйкес осы кезге дейін дайындалған өңірлерді дамытуға бағытталған бірқатар мемлекеттік стратегиялық құжаттар мен бағдарламаларда да шекаралық аумақтарға қолдау көрсету шаралары қамтылған. Дегенмен, осы құжаттарда қарастырылған шекаралық елді мекендерге берілуі тиіс жеңілдіктер әлі де іс жүзіне аспады. Бұл шекаралық аудандарға қатысты көзделген мемлекеттік қолдау тетіктерінің түрлі нормативтік актілерде шашырап кетуіне, оларды үйлестіретін жауапты уәкілетті органның бекітілмеуіне, мемлекеттік субсидияларды бөлуде және ұлттық жобаларды іске асыруда белгілі бір санаттарға нақты басымдықтардың белгіленбеуіне байланысты болып отыр. Соның салдарынан шекаралық аудандардағы бірқатар елді мекендерден тұрғындардың жаппай көшуі толастамай тұр. Бұл өз кезегінде шекара маңындағы аумақтардың бос қалып, ұлттық, аумақтық қауіпсіздіктің әлсіреуіне алып келуде", -дейді Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров. 


«Бос жатқан жер жау шақырады» деген Ерлан Саиров бұл маңызды мәселеге жіті назар аударып, оны тиімді шешу жолдарын шұғыл қарастырғанымыз жөн деп есептейді.

"Сондықтан еліміздің шекаралық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, шекаралық аудандарда халықтың тұрақтауын ынталандыру, ішкі көші-қонды реттеу және еңбек ресурстарын тиімді пайдалану үшін шекаралық аудандарға арнайы мәртебе беруді көздейтін «Қазақстан Республикасының шекаралық аумақтарын дамыту туралы»  арнайы заң қабылдау өте маңызды", -деген депутат бұл заң қабылданса, ел аумағын тиімді пайдалануға, шекаралық аудандарды мемлекеттік қолдау шараларын бір жүйеге түсіруге, халықтың шекаралық аумақтарда тұрақтануына, өңірдің дамуына және аумақтық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуге зор серпін береді деп есептейді.


 
Осы ретте, депутат «AMANAT» партиясы жақын арада Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аталған заң жобасын дайындап, ұсынатынын мәлімдеді.