
Борышкер алимент бойынша қарызды өтеу есебіне құны 35 миллион теңге тұратын Нұр-Сұлтан қаласындағы элиталық коттеджін өз еркімен тапсырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Нұр-Сұлтан қаласының ЖСО өңірлік палатасына сілтеме жасап.
Жеке сот орындаушысының орындауында Қостанай облысы Әулиекөл аудандық сотының 2016 жылғы қазаннан бастап, олар кәмелетке толғанға дейін ай сайын жалақының және өзге де кірістің барлық түрлерінен кәмелетке толмаған балаларды асырауға ½ бөлігі мөлшерінде алимент өндіріп алу туралы атқару құжаты болды.
Жеке сот орындаушысының 2020 жылғы 17 тамыздағы қаулысына сәйкес қарыз сомасы 3 857 390 теңгені құраған. Іс барысында борышкердің Нұр-Сұлтан қаласында тұрғын үй түрінде мүлкі бар екені анықталды.
Борышкерге сот орындаушысына (атқарушылық әрекеттер жасалған жерге) шақыру туралы хабарлама жіберілді және оған ЖСО-ның мүлікті өткізу арқылы өндіріп алуға және берешек сомасын өндіріп алуға құқығы бар екендігі түсіндірілді. Келіссөздерден кейін борышкер алимент бойынша қарызды өтеу үшін мүлікті ерікті түрде өндіріп алушы мен балаларға беруге келісті.
2 қабатты тұрғын үй түріндегі мүліктің құны шамамен 35 000 000 теңгені құрады. Бұл жағдайда борышкер алимент бойынша берешекті өтеу, сондай-ақ балалар алдындағы сот шешімінің уақтылы орындалуы қажеттілігі туралы өзінің міндеттемесін түсінді. Өндіріп алушы мүлікті борышты өтеу есебіне қуана-қуана қабылдады және алименттерді одан әрі өндіріп алудан бас тартты, сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласының ЖСО өңірлік палатасына алғыс хат жолдады.
