10 сәу, 2022 сағат 09:46

Борис Джонсон Киевке барды


9 сәуірде Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон Киевте Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесті. Джонсонның Украинаға баратыны жөнінде алдын ала хабарланбады.

Келіссөзден кейін Джонсон Лондон Киевке 120 броньды техника және кемеге қарсы жаңа зымыран жүйесін беретінін мәлімдеді. Бұл туралы британдық BBC агенттігі хабарлады.

Ұлыбритания премьер-министрі халық көп шоғырланған Краматорскідегі вокзалға зымыран соққысы жасалғаннан кейін, яғни жұма күні Украинаға 100 млн фунт көлемінде қосымша әскери көмек беретінін мәлімдеген. Лондон Киевке танкілер мен әуе соққыларынан қорғайтын жүйелер, "камикадзе-дрондарын" да бермек.

Украинадағы кездесу кезінде екі ел басшысы Киев орталығын аралады.

Наурыздың соңында Ресей әскері Украина астанасынан 20-25 шақырым жерге шоғырланып, қалаға соққылар жасаған. Қазір олар елдің солтүстігі мен Киев облысынан кеткен.

"Президент Зеленскийдің сенімді басқаруы, украин халқының қайсарлығы һәм батырлығының арқасында Путиннің адам шошырлық жоспары бұзылып жатыр" деді Джонсон.


Азаттық