16 қар, 2016 сағат 14:21

«Болашақ энергиясы» байқауының екінші аптасында алматылық өнертапқыштар алда келеді


14 күннің қорытындысы бойынша алматылық өнертапқыш Әбдуәлі және Ажар Баешовтар катализатор көмегімен судан сутегін алу жобасы бойынша 1 орынын сақтап қалды. Қазақстандық телекөрермендер оларға ең көп дауыс (3859) берді. Өнертапқыш ерлі-зайыпты үй жағдайында экологиялық отын ретінде пайдаланатын сутегін алу жолын ұсынады.

Бұл жұптан бөлек, 2-3 орындар үшін тартыс қарағандылық өнертапқыш Әли Мехтиев пен Атырау облысының өкілі Ержан Нұриденовтың арасында өтіп жатыр. Олардың «Энергия сақтайтын теріс қысымды бу электр жылытқышы» және «Жасанды күн-жел ағашы» атты жобаларын 5,5 мыңнан көп қазақстандық қолдаған.

Сондай-ақ телебайқауға қатысушылар саны әр апта сайын артып келе жатқанын айта кеткен жөн. Қазірдің өзінде еліміздің 8 аймағынан 25 ғалым өз жұмыстарын көпшілік назарына ұсынып үлгерді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған жобаға тілек білдірушілер саны күн сайын еселене түсуде.

Еске сала кетсек, 2016 жылдың тамыз айында «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ және ҚР Энергетика министрлігі «жасыл» технологиялар саласындағы қазақстандық өнертапқыштар арасында «Болашақ энергиясы» атты телевизиялық байқау жариялаған болатын.

Аталған жобада арнайы қазылар алқасы жоқ. Қазақстандықтар жеңімпазды өздері анықтайды. Жеңіске жеткен өнертапқыш өз жұмысын ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесі барысында Қазақстан Республикасының Ұлттық павильонында таныстыру мүмкіндігіне ие болады.

Ең қызық деп тапқан жоба үшін сіз www.yourexpo.kz сайтына кіріп, дауыс бере аласыз. Өнертапқыштар осы сайтта байқауға қатысу туралы өтініш қалдыра алады.

"Ұлт ақпарат"