28 жел, 2022 сағат 10:41

Данияр Елеусінов әлем чемпионы атағынан айрылды

Фото: tengrinews.kz

Танымал қазақстандық боксшы Данияр Елеусінов (11-0, 6 КО) Халықаралық бокс ұйымының (IBO) нұсқасы бойынша жартылай орта салмақтағы әлем чемпионы атағынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі Sports.kz-ке сілтеме жасап.

2022 жылдың 27 желтоқсанындағы жағдай бойынша Елеусінов IBO сайтындағы әлем чемпиондарының тізімінде жоқ, бұған дейін оның есімі мен суреті тиісті бөлімде тұрған. Сонымен қатар беделді BoxRec.com порталында жартылай орта салмақтағы чемпиондық белбеу бос деп көрсетілген.

Елеусіновтің чемпион атағынан айырылуы боксшының жекпе-жектері арасындағы уақыт ұзақтығымен байланысты болуы мүмкін. IBO ережесі бойынша ауыр салмақты қоспағанда, әрбір салмақ санатындағы әлем чемпиондары тоғыз айда бір рет (ауыр салмақтағылар үшін бұл кезең бір жыл) дәрежесін қорғауды талап етеді. Ережені бұзуға тек медициналық себеп бойынша және/немесе IBO-ның шешімімен ғана рұқсат беріледі.

Ал қазақстандық боксшы Елеусінов IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағын жеңіп алғаннан бері бірде-бір рет дәрежесін қорғамаған.

Данияр Елеусінов соңғы жекпе-жегін өткен жылдың 18 желтоқсанында Астанада өткізіп, аргентиналық Хуан Эрнан Леалды (15-3, 4 КО) жеңіп, IBO чемпионы атағын жеңіп алған болатын.

Еске салсақ, бұған дейін Данияр Елеусінов жақын арада спорттық мансабын аяқтау мәселесіне қатысты пікір білдіріп, бокс өзіне онша ұнамайтындығы туралы айтқан еді.