АҚШ-тағы Bloomberg агенттігі Ресей экономикасының 2030 жылға дейінгі болашағына болжам жасады. Агенттіктің бағалауынша, Ресей экономикасын ауыр рецессия күтіп тұр. Сарапшылар мұны биліктің ресми мәлімдемелеріне сүйеніп болжаған. Bloomberg зерттеушілерінің пайымдауынша, Ресейдің экономикасына Украинадағы соғыстың қалай аяқталатыны және Батыс санкцияларының болашағы да әсер етпек.
Bloomberg өз болжамында Ресей үкіметіне арналған құпия есепке сүйенетінін айтады. Ол есепте Ресей экономикасы болашағының үш сценарийі келтірілген. Онда әлем елдерінің Ресейге қарсы санкциялары, соның ішінде негізгі импортерлердің Ресей энергетикасынан бас тартуы ескерілген. Сондай-ақ ол құжатта логистикалық қиындақтар да атап өтілген. Украинадағы соғыстан кейін Батыс елдері Ресеймен әуе қатынасын толықтай дерлік тоқтатып тастады. Жердегі көлік қатынасы да біршама шектелді.
Есептің орыстілді нұсқасын The Bell басылымы баяндап берген. Онда Ресей жалпыұлттық ішкі өнімінің төмендеуі 8,3 пайыздан 11,9 пайызға дейін күшеюі ықтимал. Сарапшылардың сөзінше, IT саласында 2025 жылға қарай Ресейден 200 мыңға дейін адам кетуі мүмкін.
Еуропаға газ сатуды тоқтату салықтан түсетін табысты 400 миллиард рубльге дейін азайтып, жаңа экспорт нарықтары шығынды өтей алмауы мүмкін. Ал металл өндірушілері санкциялардың салдарынан жыл сайын 5,7 миллиард доллардан қағылуы мүмкін. Экспортқа бағдарланған бірқатар салада өндіріс көлемі кішіреймек. Олардың ішінде мұнай, газ, металл, химикаттар және ағаш өндірісі бар. Бұл салалар экономиканың негізін құрап келген.
Баяндамашылардың жазуынша, осы уақыт аралығында әлемдік экономика рецессияға ұшырайтын болса, Ресей мұнайы мен газына сұраныс одан әрі төмендеп, рубль әлсірейді, одан кейін инфляция күшейеді.
Сонымен бірге Ресей үшін аса маңызды тауарлар мен жабдықтардың импортына тыйым салынуы да ауыр тиюі мүмкін. Мәселен, ауыл шаруашылығында құс еті өндірісі 99 пайызға импортқа тәуелді. Қант қызылшасы мен картоп секілді көкөністердің тұқымы да шетелден келеді. Ресей дәрі-дәрмек саласы 80 пайызға импортқа тәуелді. Көлік өндірісінде Ресейдің өз өнімінің үлесі 30 пайыз.
Ресей билігі Батыс санкцияларының экономикадағы салдары жоспарлағаннан әлсіздеу екенін айтқан.