Батыс Қазақстан облысының Ресеймен шекаралас аудандарында вирус жұқтыру көрсеткіші артқан. Бұл туралы облыс әкімі Ғали Есқалиев Үкімет отырысында мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Соңғы аптада 585 жаңа жағдай анықталды немесе 18 пайызға өсім бар. Науқасқа шалдыққандарды барынша анықтау үшін облыстағы 13 зертханада тәулігіне 2 мыңға жуық ПТР-зерттеу жүргізіледі. Инфекциямен ауырғандар көп тіркелген аудандар Ресейдің 5 өңірімен шекаралас. Ресей шекарасы арқылы күн сайын 2,5 мыңнан астам адам өтеді. Ағымдағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысымен адамдар көп жиналатын шаралар өткізуге тыйым салынды», - деді өңір басшысы.
Әкімнің айтуынша, Ahyq қосымшасы бойынша жұмыс істейтін кәсіпкерлік нысандардың ішінде ережені сақтамайтындары бар.
«Ahyq мобильдік қосымшасы бойынша 550-ден астам кәсіпкерлік субьектісі жұмыс істейді. Ереже талаптарын сақтамағаны үшін 35 нысан жобадан шеттетілді. Қосымша арқылы оқшаулануға тиіс 147 келуші анықталды. Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды жақсарту үшін тұрғындарды вакциналау белсенді жүргізіліп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің жоспары бойынша апта сайын 20 мыңнан астам адамды қамту арқылы білім беру нысандары және мемлекеттік органдар бойынша вакиналаудың қысқа мерзімді жоспары жасақталды. Күн сайын вакциналаудың 47 пункті жұмыс істейді. Ұжымдарда вакциналау жүргізу үшін медицналық бригадалар шығарылды», - деді Ғали Есқалиев.
Облыс басшысы соңғы бір аптада вакциналау қарқыны күрт артқанын атады.
«Бүгінде келіп түскен 269 мың доза вакцинаны 90 мың адам бірінші компонент бойынша, 60 мың адам екінші компонент бойынша пайдаланды. Маусым айынан бастап вакциналау қарқынды жүруде. Соңғы аптада өсім өткен аптамен салыстырғанда 87 пайызға ұлғайтылды. 5 шілдеге дейін тағы 21 мың адам вакцинациямен қамтылады», - деді әкім.
