05 қаз, 2020 сағат 16:51

БҚО-мен көршілес Ресей облыстарында коронавирус көп тіркеліп отыр

Батыс Қазақстанмен көршілес Ресей облыстарында коронавирус көп тіркеліп отыр. Бұл туралы облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалағымен өткен коронавирустың алдын алу жөніндегі облыстық жедел штаб отырысында айтылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Онда өңір басшысы атап өткеніндей, сарапшы мамандардың күз айларында коронавирустың өршитіні туралы болжамы растала бастады.

«Дамыған елдерде коронавирусқа тосқауыл қою мақсатында қатаң карантиндік шаралар қабылдануда. Біздің өңірмен көршілес Ресей облыстарында тұрғындар арасында індеттің өсуі алаңдатпай қоймайды. Өткен көктемде де коронавирус жұқтырғандар бастапқыда Ресей мен Атырау облысындағы Теңіз кенішінен келгендер арасынан көп тіркелген болатын. Сондықтан сақтық шараларын күшейту керек», деді Ғ.Есқалиев. 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Қаюповтың айтуынша, маусымдық ауруларға байланысты коронавирустың екінші толқыны қауіп төндіріп отырғанын көршілес елдерге, әсіресе, Ресейге қарап көруге болады. Ресейдегі коронавируспен ауырғандар саны мамырдағы деңгейге жетті. Тәулігіне 10 мыңнан астам індет жұқтырғандар анықталуда. Соның ішінде Батыс Қазақстанмен көршілес Орынбор облысында тәулігіне – коронавируске шалдыққан 115, Самарада – 114, Саратовта – 128, Волгоградта 129 адам тіркеліп отыр. 

«Қазіргі таңда коронавирустың екінші толқынына барынша дайындалудамыз. Дәрі-дәрмек қорын жасақтап, кадрлар мен стационарды, жедел жәрдем бөлімшесін әзірледік. Өткеннен сабақ алып, бәрін де ескеруге тырысудамыз. Алайда тұрғындар өз денсаулығына жауапты қарап, өздері мен жақындарын індеттен сақтауға мән бермесе, мұндай дайындықтың еш кетуі ықтимал», деді Б.Қаюпов. 

БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың мәлім еткеніндей, өңірде өткен қыркүйек айында 111 тұрғын коронавирус жұқтырса, соның 33-і Орал қаласы, 11-і Теректі, 9-ы Бәйтерек ауданының үлесіне тиеді.

М.Арыспаев індеттің алдын алу мақсатында Ресеймен шекарада орналасқан барлық өткізу бекеттерінің санэпидемиолог мамандардың айрықша бақылауына алынатын жеткізді.

Отырыста жеке қорғаныс құралдарының жеткілікті және қолжетімді бағамен сатылып жатқаны айтылды. 

Ғ.Есқалиев тұрғындар арасында індеттің таралмауы үшін қоғамдық көлікке жолаушылардың тек бетпердемен кіруін қамтамасыз ету, көпқабатты үйлерде жылуды әдеттегіден бір апта бұрын беру және басқа қауіпсіздік шараларын күшейту қажеттігін атап көрсетті.