10 қыр, 2021 сағат 14:21

БҚО мектептерінде оқу жылы басталғалы 130 оқушыдан коронавирус анықталды


Батыс Қазақстан облысында жаңа оқу жылы басталғаннан бері 130 оқушыдан коронавирус анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, соның ішінде 64-і Орал қаласында, қалған 66-сы облыс аудандарындағы мектептерде білім алады.

Күні бүгін қала мен аудандардың бас мемлекеттік санитар дәрігерлерінің қаулысымен 26 мектепте 38 сынып, орта білім беру ұйымдарында 3 және ЖОО-да 1 топ карантинге жабылды.

Нұрлыбек Ермекұлының сөзіне қарағанда, қыркүйек айында барлығы 925 адамнан ковид табылды. Соның 484-і, яғни 52 пайызы ЖРВИ белгілері бойынша тексерілген. 251-і (27 пайыз) профилактикалық мақсатта қаралған. 184-і (20 пайыз) бұрын ауырғандармен қарым-қатынаста болған. 6 адамнан (1 пайыз) эпидемиологиялық қадағалау кезінде сынама алынған.

Ауырғандардың 35 пайызы (327) Орал қаласында, 12 пайызы (114) Бәйтерек, 11 пайызы (110) Бөрлі, 8 пайызы (80) Шыңғырлау, 6 пайызы (57) Теректі және 4 пайызы (41) Казталов ауданында тіркеліп отыр.

Солардың ішінде 137-сі – 14 жасқа дейінгілер, 64-і – 15-17, 57-сі – 18-25, 228-і – 26-40, 217-сі – 41-60 жас аралығындағылар, 222-сі – алпыстан асқандар.

Кәсіби құрамы бойынша 385-і (41,6 пайызы) – жұмыс істейтіндер, 106-сы (11,4 пайызы) – жұмыссыздар, 222-сі (24 пайызы) – зейнеткерлер, 130-ы (14 пайызы) – оқушылар, 22-сі (2,3 пайызы) – медицина қызметкерлері.

Соңғы аптада (3-9 қыркүйек) алдыңғымен (27 тамыз – 2 қыркүйек) салыстырғанда, коронавирус жұқтыру көрсеткіші 10,2 пайызға (725-тен 651-ге) төмендеді.

«Соңғы аптада мониторингтік топтар 87 рейд барысында 702 нысанды қамтыды. 15 нысанда карантин талабын бұзушылық анықталды. Соған сәйкес ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 425-бабы 1-бөлігіне сәйкес 18 хаттама толтырылып, 1 млн. 370,990 мың теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ «Ashyq» жобасымен жұмыс істейтін нысандарға үйлерінде оқшаулануы тиіс 102 адамның (44-і – қызыл, 58-і – сары мәртебе) келгені анықталды. Аталған бап бойынша жеке тұлғаларға қатысты 4 млн 783,880 мың теңге көлемінде барлығы 110 әкімшілік хаттама толтырылды», деді Мұстаев.