03 қар, 2020 сағат 13:54

БҚО қоймаларында 151 мың тонна астық сақталуда

Батыс Қазақстан облысында 260 мың тонна дәнді дақылдар жиналды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Денис Омашевтің Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, биыл 228 мың гектардан 260 мың тонна өнім алынды. Бұл, өткен жылғыдан 18 мың тоннаға көп.

Әр гектардан 11,4 центнерден айналды. Соның ішінде 80 мың гектар күздік бидайдан 170 мың тонна (әр гектарға 21,2 центнерден), 148 мың га жаздық бидай алқабынан 90 мың тонна (әр гектарға 6,1 центнерден) өнім жиналды.

Майлы дақылдар 116,2 мың гектар алқапқа егіліп, соның 113,6 мың гектарынан 58 мың тонна өнім (әр гектарға 5,1 центнерден) алынды. Майлы дақылдарды жинау жалғасуда.

Сондай-ақ 4081 га алқаптан 57 511 тонна картоп (әр гектарға 140,9 центнер), 3331 гектардан 46 243 тонна көкөніс (әр гектарға 138,8 центнер), 1716 гектардан 24 218 тонна бақша дақылдары (141,1 центнер) алынды.

Қазіргі кезде күзгі далалық жұмыстар жүргізілуде.

«Облыс бойынша лицензиясы бар 8 астық қабылдау кәсіпорны біліктілік талаптарына сәйкес келеді. Олардағы қоймалардың сыйымдылығы – 514,8 мың тонна. Күні бүгін қоймаларда 151,1 мың тонна астық сақталуда», деді Д.Омашев.