
Арман Қалибеков БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Арман Талғатұлы 1974 жылы қазіргі Тасқала ауданында дүниеге келген.
1999 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина академиясын педиатрия мамандығы бойынша бітіріп, жалпы тәжірибе дәрігер-педиатр біліктілігі берілген.
1999-2002 жылдары Тасқала ауданы отбасылық дәрігерлік амбулаториясының және 2002-2009 жылдары БҚО консультативтік-диагностикалық орталығының дәрігер-рентгенологы, 2009-2011 жылдары БҚО консультативтік-диагностикалық орталығының директоры, 2011-2015 жылдары облыстық көпбейінді балалар ауруханасының директоры, 2015-2016 жылдары №4 қалалық емхана директоры қызметін атқарды.
2016 жылдың тамызынан қалалық көпбейінді ауруханасына басшылық етті.
Қоғамдық денсаулық сақтау мамандығы (әлеуметтік гигиена және денсаулық сақтау ісін ұйымдастыру, валеология, статистика, методология) бойынша жоғары санатты маман. «Денсаулық сақтау менеджменті» бойынша бірінші санатты маман.
Денсаулық сақтау саласындағы жұмыс өтілі жиырма жылдан асады.
Ол, сондай-ақ, 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы ҚР стратегиясын іске асыруды сыртқы талдау және бағалау жөніндегі Батыс Қазақстан облысындағы арнайы мониторингтік топтың мүшесі. Бұл туралы Виталий Колпаков Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлім етті.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі А.Қалибековтің басқарма басшысы міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалғанын растады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын пара алды деп айыпталған БҚО денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы екі айға қамауға алынғанын жазған болатынбыз.
