02 шіл, 2021 сағат 15:22

БҚО-дағы жол апатынан екі айлық сәби көз жұмды


Батыс Қазақстан облысында болған жол апатынан кейін екі айлық сәби де көз жұмды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұдан бұрын хабарлағандай, Жаңақала ауданында болған жол апатында 4 адам қаза тапқан болатын. 

БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың нақтылағанындай, жол апатынан барлығы 13 адам зардап шекті. 

«Солардың жетеуі – балалар. 71 жастағы әйел адам оқиға орнында дүниеден озды. 12-сі аудандық ауруханаға жеткізілгенімен, алған жарақаттары салдарынан 7 жасар бала, 34 жастағы ер адам мен 26 жастағы әйел қабылдау бөлімінде қайтыс болды. Қаладан келген санавиация дәрігерлері екі айлық сәбидің бас миына ота жасады. Алайда ол отадан кейін көз жұмды. 3 науқас, соның ішінде 1 бала Ақжайық аудандық орталық ауруханасына, 2 бала облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жіберілді. Қазіргі таңда Жаңақала аудандық ауруханасында 17 жасар қыз бала, екі ересек адам ем алуда. Олардың жағдайы орташа ауыр, тұрақты», деді Сақпосынова.

Куәгерлердің сөзіне қарағанда, көз жұмған адамдар - Қазталов ауданы Қарасу ауылының тұрғындары.