23 ақп, 2023 сағат 22:55

БҚО-дағы тікұшақ апаты бойынша тергеу басталды


Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Батыс Қазақстан облысындағы тікұшақ апаты бойынша тергеу басталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz Telegram-арнасына сілтеме жасап.

ІІМ баспасөз қызметі мәліметінше, 23 ақпанда болған оқиға Көліктегі полиция департаментінің сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК 344-бабының 3-бөлігі, яғни абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан әуе көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу бойынша тіркелген.

Қазіргі уақытта осы іс бойынша ҚР Бас көлік прокуратурасының қадағалауымен тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Басқа ақпарат ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес, тергеу мүддесіне орай жариялауға жатпайды.

Айта кетейік, бүгін, 23 ақпанда сағат 15:50-де Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Чапурино елдімекенінен 6 шақырым жерде "Қазавиақұтқару" АҚ-тың 2021 жылы шығарылған Ми-8 АМТ тікұшағы жерге қатты екпінмен қонған. Бортта 5 экипаж мүшесі және 2 жолаушы болған. Салдарынан 4 адам қаза тауып, 2 адам зардап шекті.

МИ-8 АМТ Атырау - Орал - Атырау бағытымен "Қазтрансойл" АҚ тапсырысы бойынша мұнай құбырын тексерген.