26 там, 2020 сағат 21:10

Той өтіп жатқаны туралы хабарлағандарға берілетін сыйақының мөлшері бекітілді

Батыс Қазақстан облысында карантиндік шектеу шараларын бұзғандар туралы хабарлаған азаматтар сыйақы алады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, бұл туралы қоғамдық тәртіпті сақтауға қатысатын азаматтарды ынталандыру мәселелерін қарау жөніндегі облыстық комиссияның отырысында шешілді.

Банкет, үйлену тойы, салтанатты, отбасылық, еске алу, салт-жоралық және басқа да бұқаралық (соның ішінде үйде өтетін) іс-шаралар туралы хабарлаған азаматтарға 20 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы беріледі. 

Аталмыш шешім «Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге азаматтардың қатысуы туралы» Заңының 8-бабы 3-тармағына сәйкес бірауыздан қабылданды.

Егер кез келген тұрғын көпшіліктің қатысуымен өтіп жатқан шараны байқаса, дереу 102 немесе 112 нөмірлері арқылы құзырлы органдарға хабарласа алады.

Оқиға орнына полиция мен санитарлық-эпидемиологиялық қызметкерлерінен құрылған арнайы мониторинг тобы келіп, құқық бұзушылық дерегін тіркейді. Егер ол дерек расталса, сол азаматқа сыйақы төлеу мәселесі комиссияда қаралып, шешілетін болады.

Індетті бірлесіп қана жеңуге болады. Бұл шара да шектеу шараларының бұзылуына тосқауыл қоюға септесері анық.