16 қаң, 2021 сағат 06:42

БҚО-да Шоқыну мерекесінде суға түсетін арнайы орындар белгіленді

Батыс Қазақстан облысында православ христиандарының Шоқыну мейрамы кезінде суға түсетін арнайы орындар белгіленді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

БҚО Төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Бақытжан Ихсановтың мәлім еткеніндей, мереке күні тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды.

Осы орайда облыста суға түсетін арнайы 31 орын белгіленсе, соның 14-і Орал қаласында орналасқан. 

Оның сөзіне қарағанда, су айдындарында мұздың қалыңдығы әртүрлі (16-дан 36 см-ға дейін). Сондықтан БҚО ТЖ департаменті жергілікті епархияға суға түсетін орындарды жабдықтау (тұтқасы, жолы бар ағаш баспалдақ орнатумен бірге биіктігі кемінде 20 сантиметр бруствер, сондай-ақ жағалауда немесе оған жақын жерде киім ауыстыратын орындар әзірлеу) туралы ұсыныс енгізді.

«Аталған орындарда ТЖ департаментінен 78 қызметкер 10 техникамен кезекшілікте болады. Полиция департаментімен және облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп атқарылатын жұмыстар пысықталды. Барлық іс-шаралар кезінде коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында карантиндік талаптар толық орындалуы тиіс»,- деді Б.Ихсанов. 

БҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың айтуынша, суға түсетін орында адамдар саны оннан аспауы және арақашықтық сақталуы керек. Сондай-ақ тұрғындарға шомылмай-ақ суды өзімен алып кетіп, діни рәсімді үйде орындау ұсынылады. Әсіресе, адамдар өзін жайсыз сезінсе, суға түспегені жөн.