Батыс Қазақстан облысында санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғандарға 35,6 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, барлығы 584 әкімшілік хаттама толтырылды.
Сонымен қатар дәрі-дәрмек бағасын шектен тыс арттырғаны, рұқсатсыз сатқаны және тіркеу құжатының болмағаны үшін жеке дәріхана басшылары мен жеке адамдарға 11,3 млн теңгеге 57 айыппұл салынды.
Күні бүгінге дейін облыста коронавирус жұқпасымен 6785 адам тіркелсе, соның 6213-і жазылып шықты.
Жедел жәрдем стансаларында 63 автокөлік бар, күн сайын шамамен 700 шақырту болып тұрады.
Қазіргі таңда денсаулық сақтау нысандарында дәрі-дәрмек, кадр тапшылығы жоқ.
Әлеуметтік төлемақы төлеу үшін өңірлік комиссияда 188 медицина қызметкеріне қатысты материал қаралып, соның 126-сы оң шешімін тауып, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ақпарат жүйесіне енгізу үшін жіберілді. Техникалық себептерге байланысты бас тартылған 13 материал бойынша министрлікпен келісілуде. 88 материал бойынша деректер ақпарат жүйесіне енгізілді.
Арнайы жұмыс тобы жәрдемақы төлеу үшін материал жинау ісін жалғастыруда.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда ахуал қандай екендігін жазған болатынбыз.