16 қар, 2020 сағат 14:52

БҚО-да полицейлер «сары қыздың» елесі жайлы ақпаратты тексеретін болды

Батыс Қазақстан облысында полицейлер «сары қыздың» елесіне байланысты ақпаратты тексеретін болады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібеков мәлім еткендей, бұл жөнінде облыстық департамент бастығының міндетін атқарушы Жанболат Жаншин Қаратөбе ауданы жергілікті полиция қызметіне арнайы тапсырма берген. 

Ханкөл ауылы маңында «сары қызды көрдік» деген куәгерлер анықталып, олардан жауап алынады. Сондай-ақ әлеуметтік желіде таралып кеткен бейнежазбаның шындыққа сәйкестігі сараланатын болады. 

«Тұрғындардан мәселенің байыбына бармастан, күмәнді ақпараттарды таратпау сұралады. Көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін ҚР ҚК 274-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске саламыз», деді ҚазАқпарат тілшісіне Б.Белгібеков.