04 қаз, 2024 сағат 18:12

БҚО-да полицей алаяқтық жасады деп күдікке ілінді

Фото: pixabay.com

БҚО-ның Жәнібек аудандық соты аудандық ішкі істер бөлімінің орынбасары, полиция майорына қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. Оған алаяқтық жасады деген күдік тағылып отыр. Бұл туралы "Мой город" хабарлады.

24 тамыз күні полицей шаруа қожалығының басшысынан 400 мың теңге талап еткен. Оның орнына полицей бір жыл бойы қолдау көрсетіп тұруға уәде берген. Алғашқы бөлігін тамыз айында, ал екіншісін қыркүйекте алғысы келген.

"Зардап шегуші мал өсірумен, сатумен және қайта сатумен айналысқан. Ауыл тұрғыны полицейдің шарттарымен келісіп, 28 тамыз күні оған 200 мың теңге берген", – деп хабарлады облыстық соттағылар.


Алайда кейінірек ауыл тұрғыны полицейдің талаптары заңсыз екенін түсініп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жүгінген. 14 қыркүйек күні полиция қызметкері келісілген соманың қалған бөлігін алу кезінде ұсталды.

Енді полицей алаяқтық бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік арқалауы мүмкін. Полиция майорына тергеу барысында елден шығуға тыйым салынды.