30 мау, 2021 сағат 15:45

БҚО-да коронавирустан көз жұмғандардың 70 пайызы егде адамдар


Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері коронавирустан 218 адам көз жұмды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибековтің мәлім еткеніндей, соның 155-і немесе 71 пайызы – 65 жастан асқандар. 

Сондай-ақ 61-і немесе 28 пайызы – 40-65 жас аралығындағылар, екеуі немесе 1 пайызы – 40-қа дейінгілер.

Арман Талғатұлының сөзіне қарағанда, 194-інің немесе 90 пайызының созылмалы дерттері болған. Соның ішінде 70 пайызы жүрек-қан тамырлары аурулары, 12 пайызы қант диабеті, 18 пайызы басқа дертке шалдыққан. 

Санитарлық-эпидемиологиялық режимнің сақталмауы және тұрғындардың адамдар көп жиналатын жерлерге баруы салдарынан инфекциялық стационар, соның ішінде жансақтау бөлімшелерінде жатқандар саны көбеюде.

Атап айтқанда, жансақтау бөлімшелерінде емделушілер саны 40-қа жетті. Бұлардың үшеуі – 50-ге дейінгілер, алтауы – 50-60, 24-і – 60-80 жас аралығындағылар, жетеуі – сексеннен асқандар. Соның ішінде 57,5 пайызының (23 науқастың) созылмалы дерттері бар. 18-і жүрек-қан тамырлары аурулары, бесеуі қант диабетімен ауырады.

«Соңғы аптада (24-30 маусым, орта есеппен 498 емделуші) алдыңғымен (17-23 маусым, 443 емделуші) салыстырғанда, инфекциялық стационарда жатқандар саны 11,1 пайызға өсіп отыр. Осыған байланысты тұрғындардан карантиндік шараларды барынша қатаң сақтап, өзін және жақын-жуықтарын аса қауіпті індеттен қорғауға шақырамыз», деді Қалибеков.