25 жел, 2020 сағат 13:24

БҚО-да коронавирус жұқтырғандардың 88 пайызы жазылып шықты

Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырғандардың 88 пайызы жазылып шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы міндетін атқарушы Арман Қалибековтің Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлім еткеніндей, облыста індетке шалдыққандардың жалпы саны 8963-ке жетті.

Күні бүгін соның 7890-ы немесе 88 пайызы жазылды. Оның ішінде 3667-сі стационарда жатып шықса, 4223-і амбулаторлық ем алды.

Індет басталғаннан бері 160 адам көз жұмды.

Қазіргі таңда 185 төсектік 4 карантиндік стационарда 38 адам жатыр. Ал 359 төсектік 7 жұқпалы аурулар ауруханасында 158 науқас емделуде.

Жансақтау бөлімінде жатқандар саны 18-ге жетті: 4-еуі – 40 пен 60, 10-ы – 60 пен 80 жас аралығында, қалған төрт емделуші – сексеннен асқан. 14 науқастың 13-і жүрек-қан тамырлары ауруымен, біреуі қант диабетімен сырқаттанады.

Инвазивті емес жасанды тыныс алу аппаратына 6 адам қосылған.

А.Қалибековтің сөзіне қарағанда, қосымша 2028 төсек-орын резерв есебінде дайындалса, соның 1253-і жұқпалы аурулар, 775-і карантиндік стационарларда.

Емханаларда барлық мәселелер бойынша қашықтан кеңес беру үшін сағат 08.00-ден 20.00-ге дейін ситуациялық орталықтар жұмыс істейді. Облыс бойынша бұл орталықтарға тәулігіне орта есеппен 150-200 қоңырау шалынады. Күні бүгінге дейін барлығы 6071 қоңырау шалынған. Соңғы тәулікте 179 қоңыраудың 55,9 пайызы (100) Орал қаласынан түскен. 

«Өңірде 123 мобильді бригада жұмыс істеуде. Мобильді бригада тәулігіне 232 шақыруға барса, соның 26-сы COVID-19 бойынша. Тұрғындарды уақтылы ақпараттандыру үшін «109» CALL-орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. Мұнда тұрғындар көптеген өзекті мәселелер, соның ішінде COVID-19 туралы ақпарат ала алады. Егер күніне шамамен 550-570 қоңырау түссе, оның 32-сі КВИ сұрақтарына қатысты. Медициналық көмекке қатысты сауалдар болса, емханалардағы ситуациялық орталыққа жүгіну керек», деді Арман Қалибеков.