10 сәу, 2020 сағат 07:33

БҚО-да коронавирус жұқтырған 4 адам жүк тасымалымен айналысатын Өзбекстан азаматы болып шықты

Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы Батыс Қазақстан облысы мен Шымкент қаласында COVID-19 инфекциясын жұқтырған адамдар туралы ақпарат таратты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Батыс Қазақстан облысында «COVID-19» инфекциясын жұқтырған 2 азамат та - жүк тасымалымен айналысатын 25 және 27 жастағы Өзбекстан Республикасы азаматтары. 

Ресей Федерациясының Самара облысымен шекарадағы «Сырым» автоөткеліндегі санитарлық-карантиндік бекетте эпидемиолог мамандармен қашықтық термометрия және сауалнама жүргізу кезінде азаматтардың бірінде дене қызуы көтерілгені анықталды. Аталған азаматтар іс-әрекет алгоритміне сай оқшауланып, жедел жәрдем көлігі шақырылды. 

Барлық эпидемияға қарсы іс-шараларды сақтай отырып, аталған азаматтар провизорлық стационарға жеткізіліп, коронавирус жұқпасына талдау жасалды. 

ПТР диагностикалық зерттеу нәтижелері бойынша COVID-19 диагнозы нақтыланды. Қазіргі уақытта облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында жеке бокстарға орналастырылды.

Науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынды.

Ауру ошақтарында эпидзерттеу жұмыстары, «Ұлттық сараптама орталығы» БҚО бойынша филиалы дезинфекция орталығы мамандары дезинфекция жүргізді.

Соңғы мәлімет бойынша, аймақта COVID-19 коронавирус инфекциясына шалдыққан 6 адам облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына ем алуда. 

Еске сала кетейік, кеше Батыс Қазақстанда коронавирус жұқтырған екі адамның Өзбекстан азаматтары болып шыққанын жазған едік. 

Сондай-ақ, бүгін Шымкентте де 4 адамнан коронавирус табылды. 10 сәуір таңғы сағат 10:00-дегі мәлімет бойынша, Шымкенттегі жаңадан анықталған науқастар коронавирус инфекциясын жұқтырған адаммен қарым-қатынаста болуына байланысты карантиндік стационарға жатқызылып, зертханалық сынама алынған. 

ПТР диагностикалық зерттеу қорытындысымен COVID-19 диагнозы нақтыланды. Қазіргі таңда науқастардың жағдайы бірқалыпты. Бекітілген хаттамаға сәйкес тиісті ем жүргізілуде.

Науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынуда. Ауру ошақтарында эпидемиологиялық зерттеу, дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп жатыр. 

10 сәуірдегі жағдай бойынша, қалада COVID-19 инфекциясын жұқтырған жалпы 31 адам бар.