25 қаз, 2021 сағат 11:33

Батыс Қазақстанда екі адам көлікпен бірге өртеніп кетті

видеодан алынған кадр

Орал-Атырау тас жолында көлік апаты болып, екі адам көз жұмып, тағы екеуі жарақат алды, деп хабарлайды Батыс Қазақстан полиция департаментінің баспасөз қызметі.

24 қазанда күні сағат 20:00 шамасында Орал-Атырау автожолының 209-шы шақырымында, Ақжайық ауданының Ақсуат кентінен 10 шақырым жерде Лада Vesta және Лада Priora автокөліктері соқтығысты.

Соқтығысқаннан кейін екі автокөлік өртенген.

"Жол-көлік оқиғасы салдарынан Лада Веста көлігінің екі жолаушысы Ақжайық ауданының ауруханасына түрлі жарақаттармен жеткізілді. Оқиға орнында полиция және төтенше жағдайлар қызметкерлері жұмыс істеп, Лада-Приора автокөлігін сөндіргеннен кейін салоннан қаза тапқан екі жолаушының денесін алып шықты", - делінген хабарламада.

"Қаза болғандардың денелері сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабының 4-бөлігі "көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бірқатар сараптама тағайындалды", - деді БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі.