27 қар, 2020 сағат 09:47

БҚО-да қараша айында 100-ден астам нысан санитарлық талапты бұзған

Батыс Қазақстан облысында қараша айында мониторинг топтары 101 нысанда санитаия талабының бұзылғанын анықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, осы айда ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 425-бабы 1-бөлігіне сәйкес 204 хаттама толтырылды. 

Соның ішінде көп адамның қатысуымен 74 шараның өткендігі той-томалақтың тыйылмай отырғанын көрсетеді. Сондай-ақ бетперде кимеудің 59, сағат 23.00-ден кейін жеке көлікпен жүрудің 57, жұмыс режимін бұзудың 13, қызметкерлерге термометрия жүргізбеудің 1 дерегі белгілі болды.

Карантин тәртібін бұзғандарға 10 млн астам теңге айыппұл салынды.

1-26 қараша аралығында 888 адам коронавирус жұқтырса, соның 567-сі немесе 63,8 пайызы Орал қаласында анықталған. Сондай-ақ індет Бәйтерек ауданында (130), Бөрліде (63), Шыңғырлауда (31), Теректіде (30) көбейіп тұр. 

Осы кезеңде өңірде мемлекеттік шекарадан 21 468 адам өтсе, анықтамасы болмаған 423 жолаушының жетеуінен індет табылды. Сол секілді халықаралық жүк тасымалымен айналысатын 7641 жүргізушінің ішінде 2 800-інде анықтама болмай шыққан. Бұлардан алынған тест 23 адамның коронавирус жұқтырғанын көрсетті.

Қараша айында барлығы 38 969 адам зертханалық тексеруден өтті.